Научные инновации

35 01 мая, 2026 0

Авторы
Базарбаева Әйгерім
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің PhD докторанты, Қызылорда қ., Қазақстан. ORCID: 0000-0003-0103-378X, Е-mail:aigerim-19.95@mail.ru

Жастардың салауатты өмір салты мен денсаулық мәдениетін қалыптастырудағы валеологиялық педагогиканың рөлі

Аннотация: Мақалада Қазақстан қоғамында салауатты өмір салтын қалыптастырудағы медицина мен педагогикалық валеологияның өзара байланысы мен айырмашылықтары талданады. 2020–2024 жылдардағы «Қазақстан жастары» зерттеу деректері негізінде жастардың денсаулыққа көзқарасы мен нақты мінез-құлқы арасындағы алшақтық анықталған. Талдау нәтижелері медицинаның профилактикалық мүмкіндіктері шектеулі екенін және зиянды әдеттердің өсуі байқалатынын көрсетеді. Медикализация теориясы, денсаулықтың әлеуметтік детерминанттары және мотивациялық педагогика қағидалары негізінде педагогикалық валеологияның рөлін күшейту қажеттігі дәлелденеді. Автор оны білім беру жүйесіне интеграциялау денсаулық мәдениетін құндылықтық және мінез-құлықтық деңгейде орнықтырудың тиімді жолы деп тұжырымдайды.

Ключевые слова: салауатты өмір салты, валеология, педагогикалық валеология, денсаулық мәдениеті, медикализация, жастар, профилактика, мотивация.

Для добавления комментария необходимо авторизоваться.

Increased Brand Visibility

Expand your digital footprint and reach more potential customers through targeted marketing efforts.

Higher Engagement Rates

Create meaningful connections with your audience through relevant and compelling content strategies.

Improved ROI

Maximize your marketing budget with data-driven campaigns that deliver measurable results.

Data-Driven Decisions

Make informed marketing choices based on comprehensive analytics and performance metrics.

Введение.

Қазіргі қоғамда жастардың денсаулық мәдениетін қалыптастыру мәселесі әлеуметтік және педагогикалық тұрғыдан аса өзекті болып отыр. Қазақстандағы әлеуметтік зерттеулер нәтижесі жастардың салауатты өмір салтына қызығушылығы сақталғанымен, физикалық белсенділіктің төмендеуі мен психоэмоционалды тұрақсыздықтың артуын көрсетеді. Бұл жағдай тек медициналық қызмет арқылы емес, білім беру жүйесі аясында валеологиялық тәрбиені жүйелі ендіруді қажет етеді [1].

Салауатты өмір салты ұғымы тек аурудың алдын алу шараларымен шектелмейді. Ол адамның өмірлік ұстанымдарын, құндылық бағдарларын, өзін-өзі жетілдіру мен әлеуметтік жауапкершілік деңгейін қамтитын мәдени категория ретінде қарастырылады [2]. Осы тұрғыдан алғанда, валеологиялық педагогика тұлғаның денсаулығын сақтау, нығайту және өмір салтын ғылыми негізде қалыптастыруды көздейтін педагогикалық бағыт.

Медицинаның басты функциясы ауруды емдеу болғандықтан ол салауатты өмір салтын насихаттауда шектеулі мүмкіндіктерге ие. Ал денсаулық мәдениетін қалыптастыру және профилактикалық бағыттағы жүйелі тәрбие жұмысы педагогиканың қызмет аясына жатады [3]. Сондықтан да, осы зерттеу жұмысында валеологиялық көзқарас педагогикалық білім беру мазмұнының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, жастардың денсаулық мәселесін шешудің ұтымды құралы ретінде, медицинаға балама ретінде ұсынылады.

Зерттеудің өзектілігі педагогикалық валеологияны білім беру процесіне енгізу арқылы жастардың салауатты өмір салты мен денсаулық мәдениетін қалыптастырудың ғылыми негізін анықтау қажеттілігінде. Осы бағытта жүргізілген зерттеу нәтижелері қоғамның әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне сай жаңа әдіснамалық ұстанымдарды талап етеді [4].

«Салауатты өмір салтын сақтау» және «денсаулық сақтау» бір-бірінен ажыратылмайтындай ұғымдар болғанымен, бүгінгі қоғамдық қатынастардағы тұрғындардың салауаттылығы мәселелері оларды анықтайтын білім салаларын қайта қарауды қажет етіп отыр. Мәндік жағынан «салауатты өмір салтын сақтау» мен «денсаулықты сақтаудың» даму бағыты ұқсас көрінгенімен, уақыт өте келе түрлі сын-қатерлердің пайда болуымен екеуінің қарастыратын саласы да күрделеніп, зерттеу аясы кеңейе түсуде. Әсіресе денсаулық сақтау жүйесі салаланып, кешенді формаға айналу үстінде қоғамдық өмірге монополиясы күшейе түсті де, «салауатты өмір салтын» түсіндіретін, пайымдайтын әмбебап ғылым саласы ретінде таныла бастады. Дегенмен, медицинаның адамның саулығына қатысты «монополиясы» уақыт талабына сәйкес өскенімен, оның ресурстары мен резервтері қоғамдық өмірді толық қамти алып жатыр ма деген сауал туындайды.

Медицинаның салауатты өмір салтын сақтау және профилактикалық бағыттары болғанымен, қазіргі таңда ол жекелеген пациенттермен жұмыс жасау арқылы ауруды емдеуге көбірек негізделген. Мәселен, белгілі бір жас мөлшеріне жеткен азаматтың денсаулығын скринингтеу жүйесінің өзі адам денесіндегі ақаулардың бар-жоғын анықтауға бағытталған. Яғни, «денсаулық сақтауға» дейінгі «салауатты болу» мәселелері тиісінше қолға алынбай келеді. Ол жұмыстар, көпшілік назар қоя бермейтін, ауруханалардың қабырғаларында ілулі тұрған ақпараттық баннерлер жүзінде ғана жүзеге асуда. Бұл дегеніміз медицинаның қауқарсыздығын көрсетпейді, керісінше, қоғамда медицинаға жүгінушілердің саны артқан сайын, бұқараға ақпараттық-тәрбиелік мәндегі жұмыстарды ұйымдастыруға медицина ресурстарының жеткіліксіздігінің белгісі ретінде қабылдануы керек. Медицина бүгінде себепті анықтап, жоюшы емес, көбірек салдармен күресуші «өрт сөндірушінің» рөлін атқаруда.

Қазақстанда жыл сайын мемлекеттің қаржыландыруы есебінен тұрғызылатын жаңа ауруханалар мен емханалар саны артып келеді. 2024 жылдың басында елде тіркелген аурухана ұйымдары өткен жылмен салыстырғанда 6,6%-ға артып, саны 872 болған. Соңғы бес жылда Қазақстанда 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынса, медициналық жабдықтарды сатып алуға 261 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ал медицинадағы жеке сектор одан да жылдамырақ даму үстінде. Осы саладағы мемлекет пен бизнестің арасындағы серіктестік «Саламатты Қазақстан» (2011-2015) және «Денсаулық» (2016-2019) мемлекеттік бағдарламалары арқылы қалыптаса бастады. Олардың мақсаты мемлекеттік тапсырысты орындауға жеке медициналық қызмет көрсетушілерді тарту және сол арқылы мемлекеттік және жеке ұйымдар үшін бәсекелестік орта мен тең жағдай жасай отырып, бюджетке түсетін жүктемені азайту болды. Бүгінде заманауи жабдықталған ота жасау бөлмелері мен лабораториялары бар клиникалардың клиенттері артуда. 2025 жылғы II тоқсанның қорытындысы бойынша елдегі қызметтің негізгі түрі бойынша көрсетілген қызметтер көлемінің 59,2% мемлекеттік меншік ұйымдары, 37,9% жеке меншік ұйымдары және 2,9% шетелдік меншік ұйымдары ұсынған.

Көріп отырғанымыздай, алдағы бес жылда Қазақстандағы медициналық қызметтер көрсету саласында жеке сектордың үлесі мемлекеттікпен теңесуі немесе одан асып кетуін болжауға болады. Статистикалық көрсеткіштер бойынша соңғы бес жылда Қазақстандағы жеке медициналық орталықтардың үлесі 18%-ден 25%-ға дейін артқан. Дегенмен, ауруханалардағы ұзақ кезектер мен дәрігерлердің асқынған сырқаттың өзін емдеуге тырмысуы, әртүрлі аурудың жолын кесетін дәріханалардағы дәрілердің көптігі дені сау адамдардың қатарын көбейте алып жатыр ма деген заңды сауалдар қоя аламыз. Жалпы мұндай үрдіс халықтың тұрмыс деңгейімен бірге денсаулығының да өздері үшін қымбаттағанын білдіреді. ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз сөзінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстардың айтарлықтай түсуіне ықпал етті және жеке медицинаға пайда әкелді. Биыл денсаулық сақтау жүйесіне 3,3 трлн теңгеге жуық бюджет қаражаты бағытталды. Алайда, мұндай салымдардың қайтарымы әлі де күмән тудырады» - деп аталған саладағы мәселеге сын білдірді.

Мемлекеттік медициналық мекемелерге түсетін салмақты бөлісетін жеке сектордың үлесі артқанымен, жалпы тұтынушыларының саны да азаймай тұр. Мысалы денсаулық сақтау саласында көрсетілген қызметтер көлемі 2023 жылдың ІІІ тоқсаны үшін      755, 7 млрд. құраса, 2024 жылдың сәйкес уақытында көрсеткіш шамамен 5,5% артып, 797,5 млрд. жеткен. Бұл бізге Қазақстандағы денсаулық саласына түсетін жүктеменің әсерінен пайда болатын жаңа салдарларды болжауға, сонымен бірге тұрғындар денсаулығының жағдайынан жанама хабар бере алады.

Медицина адамның ұзақ өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, соңғы екі жүзжылдықта болашаққа үлкен секіріс жасағаны белгілі. Медицинаның арқасында жеткен жетістік қанша уақытқа созылуы белгісіз, дегенмен, жер бетіндегі және жекелеген мемлекеттердегі халықтар санының артуы мен нашар экологиялық көрсеткіштер бүгінгі медицинаның «ауруды емдеуге» бағытталған қызметінің шегінен асып түсетіндігін болжауға болады және бұл адам денсаулығына қатысты стратегиялық шешімдер қабылдау қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстанда орнаған теріс экологиялық ахуалға байланысты қоғамның жеке денсаулыққа деген көзқарасы да өзгеріске ұшырайтындығын болжауға болады.

Денсаулыққа қатысты мәселелер түрленіп, ауқымы кеңейген сайын, оны бір ғана ғылым саласының «жекешелендіруіне» жол беруге болмайды немесе бір ғана қызмет саласын әртараптандыру арқылы, тұтас қоғамдық проблеманы белгілі бір ғылым саласы аясында қарастырып, мәселені шешу немесе оған барлық жүкті артып қою келешекте мәселенің түрленуіне әкелуі мүмкін. Дені сау ұлтты қалыптастыру тұтас қоғамдық ғылымдардың пәніне айналып, пәнаралық тұжырымдауларды, жаңа пайымдауларды қажет етеді. Мәселе қоғамдық болғаннан кейін, дені сау ұлтты қалыптастыру үшін мәдениет, медицина, кибернетика, физиология, психология, педагогика секілді ғылым салаларының бірлескен немесе жекелеген үлесі болуы тиіс. Мұндай ұстаным кеңес үкіметінде 80 жылдары жалпы сипатта дамыған болса, Қазақстанда аталған мәселеге жаппай ден қою екімыңыншы жылдардың қарсаңында орын алып, академиялық ортада валеология ілімі белсенді талқылана бастаған болатын. 1998 жылы Мәдениет, білім және денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша валеология бағдарламасы жалпы білім беретін мектептерге, орта және жоғарғы оқу орындарына 1998-1999 оқу жылдарында енгізілген.

Қазақстанда салауатты өмір салтын насихаттайтын ілім ретіндегі валеологияның рөлі әртүрлі мінберлерден айтылғанына қарамастан ол уақытша сипат алды. Жоғарыда баяндағанымыздай, салауатты өмір салтына деген медицина ғылымының дамуымен бірге келген монополия және Қазақстандағы валеология өрісінің тар шеңберде қарастырылуы, шындығында кейбір қоғамдық қарсылықтарға кезікті. Әсіресе, педагогикалық валеологияның мектеп оқушыларына «жыныстық гармония» туралы білімдерді ғана таратушы ретіндегі рөлін дәстүрлі қоғам қабылдай алмады. Мұндай тенденция, валеология туралы ілімге деген теріс көзқарас туындатып, ақыры мектеп бағдарламаларынан алынып тастауына әкелді. Валеология пәнінің орнын жаңа пән «Өзін-өзі тану» басты. Қазақстандағы пәнге қарсы қозғалыстар бір мезгілде Ресейдегі жағдаймен бірге өрістеді. Ресейдегі бірқатар ғылыми интеллигенция мен шіркеу қызметкерлері валеология пәнін жыныстық қатынас тақырыбын ашық қозғайтын, жастардың санасын улайтын, діни этикаға қарсы ілім деп танығандықтан, билік өкілдеріне талап-тілектер білдіріп, нәтижесінде ол пәнді білім беру жүйесінен алынуына әкелді.

Сол себептіде, салауатты өмір салтын үйрететін және насихаттайтын валеологияның аталған кезеңде Қазақстан білім жүйесінде орнын жоғалтуы оның жарамсыздығы немесе маңыздылығынан айрылғандығынан емес, білім жүйесінің, педагогикалық валеологияның дәстүрлі қоғамға сәйкес орныға алмауымен байланыстыруға болады. Бұл педагогикалық валеология пәнін, оның зерттеу аумағын қайта тұжырымдауды, пәнаралық байланыстар құрып, заманауи сын-қатерлер мен қауіптер тұрғысында қайта пайымдауды қажет етіп отыр. Валеологияның ауқымын кеңейтіп, жаңа көзқарастар жүйесін қалыптастыруды талап етіп отыр.

Медицинаның монополиясы соңғы он жылдықтарда Қазақстанның медицина жүйесіне үлкен өзгерістер әкелгені белгілі. Мемлекеттік және жеке сектор арасындағы бәсеке соңғысының пайдасына шешілуде. Есесіне, мемлекеттік медициналық ұйымдар қоғамның экономикалық әлсіз топтарына қызмет көрсететін орынға айналуда. Ал жеке меншік орталықтар диагноз қою, емдеу, реабилитация кезеңдері үшін қымбат баға белгілеп, қоғамдағы теңсіздікті үдетуде. Мұндай ұстаным біріншісінің маңыздылығын түсіріп, педагогикалық валеологияның маңыздылығын көтеру емес, керісінше қоғамдық тұрақтылық пен құндылықтар жүйесінде медицинаға балама жол ретінде, халық нақылында айтылғандай «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» принципіне сәйкес педагогикалық валеология ілімін жаңа сын-қатерлер тұсында қайта тұжырымдап, қажеттігін ұсынып отырғанымызды атап өту керек және оның өсіп келе жатқан ықпалын жоққа да шығара алмаймыз, сондай-ақ, оны қоғам және мемлекет болып қалай жүзеге асыру қажет деген мәселе тұрғысынан пайымдаймыз.

Бұл салауатты өмір салты өмірлік құндылық ретінде осыған дейін болмады немесе сәйкесінше қоғамда орын алмады деген сөз емес. Керісінше, біз салауатты өмір салтын тұтыну неліктен қоғамдық сипат алмай отырғандығына көбірек мән бергіміз келеді. Оның басты себебіне, біздің пайымымызша салауатты өмір салтын қалыптастырудың жеткілікті ұзақ уақытты немесе өмір бойына созылатын үрдіс екендігін атап өту керек. Салауатты өмір салтын ұстанудың адам организмінде көрініс табуы бірден болмайтындығынан немесе бірнеше жылға созылуы мүмкін болғандықтан көптеген адамдар салауатты өмір салтын ұстанудың өтпелі кезеңін ғана басынан өткеріп, бұрынғы өмір сүру салтына қайта оралады. Салауатты өмір салтын ұстану адамның күнделікті өмір тіршілігіндегі өзіне жағымды әдеттерден (тамақты тоя жеу, ішімдік, темекі шегу және т.б.) арылуды ұсынып, оның орнына күнделікті қатал регламент ұстануды міндеттейтіндіктен көпшілігі онан бас тартуы немесе жеткілікті тәртіп пен шабыттың жоқтығынан тастап кетіп жатады. Сол себептіде, алғашқы кезеңде адамның талпыныстарына қолдау білдіріліп, қажетті кеңестер беріліп, денсаулығындағы оң өзгеріс көрсеткіштері туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс.

Талдаудың негізгі мақсаты Қазақстан жастарының денсаулыққа қатысты ұстанымындағы және салауатты өмір салтын (әрі қарай - СӨС) сақтаудағы негізгі тенденцияларын анықтау. Жоғарыда баяндалған ойымыздың түйіні ретінде, бұл талдау нәтижесінде келесі гипотезамыз расталады немесе расталмайтындығын тексергіміз келеді.

1. Медицина саласының қамту саласы, қоғамдық қызметі өскен сайын оның профилактикалық, азаматтардың салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған тәрбиелік жұмыстары декларативті сипат алуда. Сондықтан, медицинаның ақпараттық, идеологиялық, тәрбиелік жұмыстарын педагогикалық валеология тиімді атқара алады.

2. Азаматтардың салауатты өмір салтын сақтау мәдениеті төмендеген сайын түрлі аурушаңдықтың көлемі артып, медицинаға түсетін салмақтың өсуімен байланысты, ол емдеу, аурудан сауықтыру ісі секілді тікелей міндеттерімен ғана шұғылданып кетті.

Гипотезамызды дәлелдеу үшін бізге екі негізгі бағыттағы деректер қажет:

1. Денсаулыққа қатысты жалпы жағдай мен ұстаным (профилактикалық тексеру, салауатты өмір салтын сақтау).

2. Салауатты өмір салтын сақтауға кедергілер мен оны насихаттауға қатысты пікірлер (спортпен айналысуға кедергілер, жыныстық тәрбиеге қатысты пікір және т.б).

Әдебиеттерге шолу.

1. Мектептік денсаулықты қолдау бағдарламалары (Health-Promoting Schools)

Әлемдік тәжірибеде мектептерде денсаулықты нығайту мен валеологиялық бағыттағы бағдарламалар маңызды орын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Health-Promoting Schools (HPS) тұжырымдамасы білім беру мекемелеріндегі оқушылардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсартуға бағытталған. Langford және әріптестері [6] жүргізген мета-талдау нәтижесінде HPS бағдарламалары дене белсенділігін арттыру мен дұрыс тамақтануды қалыптастыруға оң әсер еткені анықталды. Сонымен бірге, бұл нәтижелер бағдарламаны жүзеге асыру үшін педагогикалық және куррикулумдық шарттардың (curricular conditions) маңызын көрсетті. Яғни, валеологиялық мазмұнды оқу процесіне жүйелі түрде енгізуді көздеп отыр.

2. Денсаулық сауаттылығы және педагогикалық бағдарламалар.

Жастардың денсаулық мәдениеті мен валеологиялық құзыреттілігін арттыру үшін жоғары оқу орындарында health literacy бағытындағы бағдарламалардың рөлі зор. Kühn және әріптестері [7] университет студенттері арасында денсаулық сауаттылығының төмен екенін дәлелдеген. Ал BMC Public Health журналында жарық көрген зерттеу жоғары оқу орнындағы денсаулық сауаттылығын арттыру бойынша жүргізілген бағдарламалар студенттердің өмір сапасын, психологиялық әл-ауқатын және физикалық белсенділігін жақсартатынын көрсетті. Бұл деректер Қазақстанда валеологиялық педагогиканы студент жастар арасында дамыту қажеттігіне дәлел бола алады.

3. Цифрлық сауат және eHealth бағдарламалары.

Цифрлық дәуірде жастар денсаулық туралы ақпаратты көбіне интернет пен әлеуметтік желілерден алатындығы белгілі. Осыған орай, 2025 жылы жарық көрген зерттеулерде [8] eHealth сауаттылығын дамытуға бағытталған онлайн бағдарламалар жастардың салауатты өмір салтын ұстануға ынтасын арттыратыны анықталған. Бұл тәжірибе Қазақстанның білім беру жүйесінде валеологиялық пәндерді цифрлық платформалармен ұштастырудың тиімділігін көрсетеді.

4. Мінез-құлық факторлары мен жас корреляциясы.

Hu және әріптестері [9] жүргізген зерттеуде жастардың жас ұлғайған сайын физикалық белсенділігі төмендеп, денсаулықты бағалау көрсеткіштері нашарлайтынын айқындаған. Зерттеу нәтижелері Қазақстандағы әлеуметтік зерттеу нәтижелерімен сәйкес келеді. Жастардың жас тобы өскен сайын спортпен шұғылдану жиілігі азайып, зиянды әдеттердің артатындығын көрсетіп отыр. Демек, валеологиялық білім тек мектеп кезеңінде емес, студенттік ортада да үздіксіз жалғасуы қажет.

Күнделікті медицина мекемелеріне жүгінетін адамдар санының артуы бір жағынан «дәрігерлер билігінің» таралуы мен нығаюына әкелсе, енді келесі қырынан аталған саланың коммерциалануына, «денсаулықты сатушы мен сатып алушының» арасындағы қатынастарды тудыруда. Бұл медицинаның адамдарға деген ұстанымы мен саясаты да өзгере түскендігін көрсетеді. Осы тұрғыда, батыста пайда болған медикализация теориясы медицинаның бүгінгі жағдайын және оның күн санап артып келе жатқан билігін дәл анықтайды [10].

Жалпы, әдебиеттерді талдау валеологиялық педагогиканың теориялық және әдіснамалық негізін күшейтеді. Білім беру жүйесінде валеологиялық білімді институционалды енгізу жастардың физикалық белсенділігін, денсаулық мәдениетін және психоэмоционалдық тұрақтылығын арттырудың ғылыми дәлелденген тәсілі бола алады.

Методы.

Зерттеу әдістемесі жастардың салауатты өмір салтына көзқарасын кешенді түрде талдауға және педагогикалық валеологияны білім беру процесіне енгізудің әлеуметтік-педагогикалық негіздерін анықтауға бағытталды.

Зерттеу жұмысы 2020-2024 жылдар аралығында Қазақстан жастары арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар нәтижелеріне сүйенеді [11]. Зерттеу репрезентативті іріктеме негізінде жүргізілген: сауалнамаға әр жыл сайын 14-35 жас аралығындағы 2000-нан астам респондент қатысқан. Статистикалық деректердің бастапқы жинағын өңдеу «Жастар» ҒЗО мамандарымен SPSS және Excel бағдарламаларында жүзеге асырылған. Алайда, бұл зерттеу олардың жарияланған мәліметтерін екіншілік аналитикалық деңгейде қайта талдауға бағытталған.

Әлеуметтік зерттеу нәтижелерін талдау барысында жас ерекшелігі, жыныстық, әлеуметтік және аймақтық сипаттамалар ескерілді. Зерттеу барысында сандық және сапалық әдістердің үйлесімі қолданылды. Бұл жастардың өмір салты мен денсаулық мәдениетінің көпқырлы аспектілерін ашуға мүмкіндік берді.

Негізгі қолданылған әдістер:

Жастардың спорт, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттер, медициналық тексерулер және ұйқы тәртібі туралы көзқарастарын анықтау мақсатында сауалнама әдісі пайдаланылды. Контент-талдау әдісі арқылы 2020-2024 жылдар аралығындағы зерттеу есептеріндегі мәтіндік және статистикалық мәліметтер салыстырылып, негізгі тенденциялар анықталды. Ал жастардың жасы мен спортқа қатысу жиілігі арасындағы өзара байланысты (r-корреляция) айқындау үшін корреляциялық талдау қолданылды. Сондай-ақ, динамикалық салыстырмалы талдау әр жылдағы көрсеткіштердің өзгеру қарқынын анықтау арқылы салауатты өмір салтына қатынастың эволюциясын көрсетуге көмектесті. Педагогикалық-интерпретациялық әдіс алынған әлеуметтік деректер негізінде валеологиялық білім беруді дамыту қажеттігін педагогикалық тұрғыдан негіздеу үшін пайдаланылды.

Зерттеу шеңберінде алынған деректердің сенімділік деңгейі 95%, ал іріктеу қателігі шамамен ±2,2%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш ресми статистика мен жалпы әлеуметтік үрдістердің сәйкестігін сақтауға мүмкіндік берді.

Зерттеудің әдіснамалық базасы А.Н. Леонтьевтің іс-әрекеттік теориясы, Б.Г. Ананьевтің тұлғаның дамуындағы биопсихоәлеуметтік үйлесімділік концепциясы [12, 13], сондай-ақ С.А. Шашкиннің валеологиялық мәдениет қалыптастырудағы педагогикалық ықпал теориясы негізінде құрылды [14].

Зерттеу логикасы валеологиялық педагогика тұжырымдамасының теориялық ұстанымдарына негізделді. Педагогикалық валеологияның рөлі жастардың өмірлік құндылықтары мен денсаулық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды құрал ретінде қарастырылып, медикализация теориясы, әлеуметтік детерминизм және денсаулықтың әлеуметтік модельдері тұрғысынан талданды.

Жалпы алғанда, зерттеу әдіснамасы интердисциплинарлық сипатта болып, педагогика, валеология, әлеуметтану және психология ғылымдарының тоғысында жүзеге асырылды. Медициналық профилактика жүйесі жастар арасында тиімді нәтиже бере алмай отырған жағдайда, валеологиялық педагогика жастардың өмір салтын түзетудің және денсаулық мәдениетін қалыптастырудың басты құралы ретінде қарастырылады. Осылайша, зерттеу педагогикалық валеологияның жастар ортасындағы профилактикалық әлеуетін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге бағытталды.

Результаты.

Зерттеу жұмысымызда валеологиялық педагогиканы медицинаның бір бөлігі ретінде емес, оған балама қоғамдық ғылымның бір бағыты ретінде дамыту жөн екендігін дәйектеу үшін «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен жыл сайын жүргізілетін «Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеу баяндамасындағы «Жастар денсаулығы» тарауындағы көрсеткіштерге салыстырмалы, корреляциялық талдаулар жүргіздік. Осы зерттеу жұмысын жазу кезінде аталған орталықтың 2025 жылғы есебі әлі жарияланбағандықтан, 2020-2024 жылдар арасында жүргізілген (5 жыл) әлеуметтанулық баяндама негізге алынды.

1. Медицина саласының шектеулі профилактикалық әлеуеті. Зерттеу деректеріне сүйенсек, 2020 жылы жастардың 67,5%-ы жылына бір немесе 1+ рет, 2021 жылы 70,9%-ы бір немесе 1+ профилактикалық тексеруден өткен (2022-2024 жылдар үшін деректер келтірілмеген). Тексеру жиілігі оң өсім көрсетіп отыр. Медициналық жүйе тікелей скринингтік міндеттерін ішінара орындап тұр. Дегенмен, профилактикалық жұмыстар «таза медициналық» аспектіде жүзеге асырылып, «дерттің белгілерін» диагностикалауға ғана бағытталғандығын ескеру керек. Бұл жерде медицина қызметкерлерінің пациенттерге қарым-қатынасында «дертке шалдыққанша» ниеті мен принципі айқын көрінеді. Сәйкесінше, медициналық мекемелер арқылы скрининг өтпегендер аз болғанымен (2020 жылы – 6,8%, 2021 жылы - 10%), жыл сайын тексерілмейтіндердің үлесі теріс өсім беріп отыр. Бұл тікелей профилактикалық қамтуда аздаған кері динамиканың бар екенін көрсетеді. Медициналық жүйе емдеу мен тікелей скринингті ұйымдастыра алғанымен, бұл жастардың салауатты өмір салтын сақтау мәдениетіне тікелей әсер етпеуі мүмкін (1 сурет).

1 сурет. 2020 және 2021 жылдары медициналық мекемелерден профилактикалық тексерістен өтетін жастардың үлесі

 

          2. Салауатты өмір салты туралы хабардарлық пен мінез-құлық арасындағы алшақтық. 2021-2023 жылдар аралығында жүргізілген сауалнамаларда жастардың 80%-дан астамы «салауатты өмір салты маңызды» деп есептейтінін көрсеткен. Алайда нақты мінез-құлық деңгейінде кері үрдіс байқалады: жастардың 40%-тан астамы спортпен тұрақты айналыспайды, ал әлеуметтік желілерге тәуелділік, дұрыс ұйықтамау және фаст-фуд тұтыну жыл сайын артып отыр.

Әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізетін жастардың үлесі 2021 жылы - 35,8%, 2022 жылы - 43% болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 74%-ға жеткен. Әлеуметтік желілерде ұзақ уақыт отыру жаман әдет ретінде қарастырылады және жастардың уақытты тиімді басқару дағдысының жетіспеушілігін білдіреді. Ұйқы режимін сақтамау (2021 жылы 32,1%, 2022 жылы 43,1%) мен физикалық енжарлықтың бір жыл ішінде өсуі (+10,7%) дене белсенділігіне уақыт жетіспеушілігімен және мотивацияның жоқтығымен тығыз байланысты. Ұйқы режимінің бұзылуы денсаулыққа деген жеңіл қараушылықты көрсетеді және ол емдеу емес, керісінше мінез-құлықты реттеу ісі екендігін ескеру қажет. Жастар арасында дұрыс тамақтанбау көрсеткіші де өсіп отыр, ол 2021 жылы 24,2% құраса, 2022 жылы 34,9% (өсім 10,7%). Дұрыс тамақтануды басты салауатты өмір салтының факторы деп білгенімен (2021 - 44,5%), іс жүзінде керісінше әрекет етеді. Білім (медициналық факт) мен әрекет (педагогикалық мотивация) арасындағы алшақтық артқан. Бұл деректер жастардың денсаулық мәдениеті туралы білім алса да, сол білімді өмір салтына айналдыра алмай отырғанын көрсетеді.

2020-2024 жылдардағы әлеуметтанулық деректер жастар арасында физикалық белсенділік деңгейінің төмендеу тенденциясын нақты көрсеткен. 2020 жылы 14-18 жас аралығындағы жастардың 24,6% аптасына екі және одан да көп рет спортпен шұғылданса, 24-28 жаста бұл көрсеткіш 17,7% ғана болған. Ал 24-28 жас тобының 36,1% спорт мекемелеріне мүлде бармайтынын атап өткен. Спорт белсенділігі жасы артқан сайын 1,5 есеге азайып отыр (2 сурет).

2 сурет. Жас шамасына қарай жастардың спорттық белсенділігінің динамикасы (2020-2024 жж.)

2023 жылғы «Қазақстан жастары» зерттеуінде де осы үрдіс сақталған: 14-18 жас аралығындағы жастардың 67,5% салауатты өмір салтын ұстанса, 29-34 жас тобында бұл көрсеткіш 47,4%-ке дейін төмендейді. Бұл деректер жастардың білім алу мен еңбекке араласу кезеңінде физикалық белсенділіктің күрт азаятынын дәлелдейді. Мұндай көрсеткіштерден денсаулық пен белсенділік арасындағы корреляциялық тәуелділіктерді көруге болады. Мәселен, 2022 жылғы сауалнамада «денсаулығын өте жақсы» деп бағалаған жастардың үлесі 14-18 жаста 67,3%, ал 24-28 жаста 47,9% болған. Бұл көрсеткіштер арасында шамамен r ≈ +0,65 оң корреляция байқалады, яғни жас төмендеген сайын физикалық белсенділік артып, денсаулық көрсеткіші жоғарылайды. Керісінше, спортпен айналысу жиілігі төмендеген сайын артық салмақ (11%), көру қабілетінің нашарлауы (21,6%), асқазан-ішек жолы сырқаты (13,3%) сияқты аурулар жиілеген.

Сауал нәтижелері негізінде жастардың салауатты өмір салтын ұстануына кедергі болып отырған үш негізгі мәселені бөліп көрсетуге болады:

1) Уақыттың жетіспеушілігі: сұралғандардың 38,7%-ы уақыт жетіспеушілігі мәселесі бар екендігін көрсетті.

2) Шаршау: сұралғандардың 20,8%-ы шаршауды салауатты өмір салтын ұстануына кедергі болып отырған фактор ретінде атады.

3) Спортпен тұрақты айналысуға мотивацияның болмауы: сұралғандардың 17,1%-ы мотивацияның жоқтығы басты мәселе деп көрсетті.

«Егер Сіз жоғарыда айтылғандардың кез келгенін бастан өткерсеңіз, жағдайыңызды жақсарту үшін не істер едіңіз?» сұрағына берілген жауаптарда сауалнамаға қатысқандардың 41,9%-ы интернеттен ақпарат іздейтіндігін айтқан. 43,5%-ы жақын адамдармен сырласуды, әңгімелесуді салауатты өмір салты деп ұғатындықтарын жеткізген. Сауалнамаға қатысқандардың 17,3%-ы өз жағдайын жақсарту үшін салауатты өмір салтын ұстануды жөн көреді. Сонымен бірге сұралғандардың бір бөлігі мамандар көмегіне жүгінетіндіктерін атап өткен: 14%-ы психотерапевтке жүгінсе, 9,2%-ы психологиялық көмек қызметіне телефон шалады, ал 6,7%-ы көмектің басқа да түрлерін іздейді.

Көріп отырғанымыздай, жастар салауатты өмір салтын қалыптастыруда негізгі қолдау көзі ретінде дәрігер мамандарға жүгінуді қарастырмайды. Жастар түсінігінде салауатты өмір салтын қалыптастыру медицинадан бөлек басқа арнада айтылып, түсіндірілуі керек немесе дәрігер мамандардың бұл саладағы ақпараттық қатысымының төмендігін көрсетеді. Оның үстіне, жылдар бойында зиянды әдеттердің өсуі және СӨС сақтауға кедергілердің ішкі сипаты (мотивация) медициналық көмектің жеткіліксіздігінен гөрі, құндылықтарды қалыптастырудағы жүйелік ақауды көрсетеді.

Тұжырымдық корреляция: Медициналық қызметтердің жетілдірілуіне қарамастан, уақыт өткен сайын жастардың СӨС бұзушылықтары айтарлықтай өскен. Бұл СӨС мәдениеті туралы ақпараттық науқандардың, мотивациялық және дағдыны қалыптастырушы (педагогикалық) жұмыстардың жеткіліксіздігін көрсетеді.

3. Мотивациялық және мәдени факторлар. Барлық жылдардағы зерттеу нәтижелерінде жастардың спортпен айналыспау себептеріне тұрақты түрде бірдей сипаттама береді: жалқаулық, ынтаның болмауы, қаржы және инфрақұрылым жетіспеушілігі. Бұл объективті себептермен қатар, мотивациялық дефицитті де білдіреді. Медицина денсаулыққа жауапкершілікті тек жеке адамның деңгейінде қарастырса, педагогикалық валеология оны әлеуметтік-мәдени құндылық ретінде түсіндіреді.

Мәселен, спортпен айналыспаушылықтың негізгі себебі ретінде жалқаулық пен шаршау, еріншектікті көрсеткендер үлесі 2021 жылы 37,8%, 2023 жылы 20,8%, ал 2024 жылы 36,2% құраған. Мәселені мотивациямен байланыстырушылар 2021 жылы - 31,3%, 2023 жылы - 17,1%, 2024 жылы - 24,4% болған. Спорт залдарға/фитнес орталықтарына қол жетімсіздікті атап өткендер 2021 жылы - 27,3%, ал 2024 жылы - 24,9% құраған. Біздің ойымызша, алдыңғы жауап нұсқаларына респонденттер шынайы жауап береді де, соңғысында сыртқы/экономикалық ресурстардың жетіспеушілігі туралы мәлімдеулері проблемаға қарағанда, өзін-өзі ақтап алу көрсеткіші іспетті. Егер жастар денсаулықтың маңыздылығын толық түсінсе, олар бұл кедергілерді айналып өтудің жолдарын іздер еді. Мұндай жағдай СӨС-ті педагогикалық тұрғыда насихаттау және оны өмір салты ету мәдениетінің толық қалыптаспағанын көрсетеді.

Нәтижелерді корреляциялық талдайтын болсақ, 2021 жылдан 2024 жылға дейін спортпен айналысуға кедергінің ең бастысы жалқаулық/еріншектік, мотивацияның жоқтығы секілді физикалық белсенділікті қолдайтын ішкі уәж (мотивациялық компонент) жеткіліксіз. Бұл адамның өзіне, мінез-құлқына және құндылықтық бағдардың әлсіздігі мен валеологиялық мәдениеттің қалыптаспауымен байланысты проблема екендігін атап өту керек. Мұндай мәселені дәрігерден бұрын педагог немесе валеолог қана тәрбиелеу және дағдыны қалыптастыру арқылы шеше алады.

          Жастардың денсаулыққа қатысты әрекетінің пассивті сипаты валеологиялық сана мен денсаулық мәдениетінің жеткілікті қалыптаспауынан деп пайымдаймыз. Денсаулық сақтау саласы емдік-профилактикалық бағытпен шектеліп, тұлғаның өз денсаулығына қатынасын тәрбиелеу міндетін толық орындай алмай отыр. Ал мұндай тәрбиелік функция білім беру жүйесінің табиғатына тән.

4. Репродуктивті сауаттылық. 2022 жылғы деректер бойынша, жастардың 68,6%-ы репродуктивті денсаулық туралы ештеңе білмейді немесе нақты білмейді. Ал репродуктивті денсаулық туралы ақпаратты қайдан аласыз деген сауалға мұндай ақпаратты мүлде алмайтындар 25,3%, шамамен осындай бөлігі (25%) ақпаратты интернет-жарияланымдардан алады. Әрбір бесінші респондент (21,9%) достарынан, туыстарынан біледі. 16,7% бөлігі білікті ақпарат көзі дәрігерлер деп санайды. 16,5% тақырыпты отбасында талқылайды. Жастардың 7,6% ғана осындай ақпаратты мектепте алады.

Деректерді динамикада талдау 2021 жылмен салыстырғанда репродуктивті және жыныстық денсаулық туралы ақпарат жоқ деп жауап берген жастар саны 10%-ға артқан. Сәйкесінше интернетке жүгінетін жастар саны азайған. Сонымен қатар, достар мен отбасы сияқты ақпарат көздерінің маңыздылығы 4-6%-ға өсіп отыр.

2024 жылы бұл мәселе өзектілігін жоймаған, респонденттердің 58,9%-ы мектептерде анатомия, физиологиядан хабардар ету, жыныстық мәселелер бойынша тәрбие сабақтарын өткізу қажет деп санайды. Бұл көрсеткіш медициналық құрылымдардың ақпараттық қызметін білім беру жүйесіне алмастыру қажеттігіне дәлел бола алады. Керісінше, респонденттердің 35,6% мұндай сабақтарға қарсы, олардың бір бөлігі (15,0%) оны ұят деп есептесе, қалғандары (20,6%) бұл ерте жыныстық өмірге әкелуі мүмкін деп ойлайды. Мәні бойынша қарайтын болсақ, алынған деректер денсаулыққа қатысты білімнің тек медициналық фактілерден тұрмайтынын, сонымен қатар оның әлеуметтік және этикалық компоненттері бар екенін дәлелдейді. Қарсылықтың себептері (ұят, моральдық құндылықтарға қатысты қорқыныш) медициналық емдеу емес, педагогикалық және психологиялық-валеологиялық тұрғыдан түсіндіруді, яғни білім беру жүйесінің араласуын талап етеді.

Ерте жастан жыныстық белсенділік, қажет емес жүктілік, жыныстық мәселелер бойынша толық ақпараттың жетіспеуі жастар дамуындағы маңызды аспект болып қалуда. Менталитетті ескерсек, жыныстық тәрбие мәселесінде әлі де тыйым салынған, айтуға болмайды деп саналатын тұстар жеткілікті. Мемлекет бұл салада бақылаудың қажеттігін түсінеді және жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау бойынша бағдарламаларға біртіндеп бастамашы болуда. «Saulyq.life – Жастардың денсаулығын сақтау» жобасы осы мысалдардың бірі. Ол жастарға жыныстық тәрбие беру мен қажетсіз жүкті болу, аборт және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу мақсатында құрылды.

Респонденттердің 17,9%-ы ақпаратты интернет-жарияланым мен мақалалардан алса, 16,6%-ы отбасылық талқылаулардан алады. Жартысына жуығы өз құрдастары (15,4%) мен отбасылық дәрігерге (15,3%) жүгінеді. Респонденттердің 14,4%-ы үшін әлеуметтік желілер, 11,3%-ы үшін медициналық мекемелердің баспа материалдары ақпарат көзі болып есептеледі. Жыныстық денсаулық туралы ата-аналарынан ақпарат сұрайтын респонденттер мейлінше аз болды (0,1%).

Дәрігерлерге қаралу деңгейі артса да, олардың СӨС және репродуктивті денсаулық бойынша негізгі ақпарат көзі ретіндегі рөлі төмен болып қалуда (интернет, достар, отбасыдан кейін). Бұл медицинаның емдеуші рөлін сақтап, тәрбиелеуші/ағартушы функцияны сәйкесінше орындай алмай отырғанының дәлелі.

Деректердегі профилактиканың төмендігі және СӨС мәдениетіндегі қайшылықтар (білу vs істемеу) денсаулықты тек емдеумен шектемей, валеологиялық білім беру арқылы денсаулыққа деген мотивацияны, әдеттерді және құндылықты ерте жастан қалыптастыру қажеттігін айқын көрсетті.

Педагогикалық валеологияны білім беру жүйесіне енгізу қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастырудың басты шарты. Бұл бағыт мектеп пен ЖОО-да салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, эмоционалды тұрақтылық және психологиялық гигиена негіздерін білім беру жүйесіне ендіруді көздеуі тиіс. Мұндай модель жастарды өз денсаулығына саналы, жауапкершілікпен қарауға үйретіп, медицинаның емдік функциясын толықтыратын мәдени-педагогикалық жүйе қалыптастырады.

ҚР Парламентінің сенат депутаты Айгул Арғынбекова бұл туралы: «Біздің білім беру бағдарламамызда мұндай пәндер жоқ. Бұрын валеология курсы болған, бірақ ол факультативті болды, оны таңдауға немесе оқымауға болатын еді. Сонымен қатар, мұғалімдердің өздері осы курс аясында қандай тақырыптарды қамту керектігін жиі түсінбеді. Сондықтан балаларға қандай ақпаратты жеткізу керектігін, оны жас және психологиялық ерекшеліктерді ескере отырып қалай дұрыс ұсыну керектігін нақты түсіну қажет. Біз бұл пән аясында тек қыздар туралы ғана емес, ұлдар туралы да айтуымыз керек. Репродуктивті денсаулық барлығына қатысты және оны зерттеу қазіргі әлемнің шындығына сәйкес келуі керек», - деп, валеология пәнінің жаңа әдістемелік құралдарын әзірлеудің өзектілігін айтты.

Жылдар бойынша жиналған деректерді салыстырмалы талдау нәтижесінде мынандай корреляциялық тәуелділіктер анықталды:

- профилактикалық белсенділік пен спорттық белсенділік арасында тұрақсыз байланыс бар;

- денсаулық туралы хабардарлық деңгейі мен нақты әрекет (мысалы, ұйқы, тамақтану, спорт) арасында кері пропорция байқалады;

- медициналық қызметке сенім төмендеген сайын жастар интернет пен бейресми ақпарат көздеріне көбірек сүйенеді.

ЮНИСЕФ-тің 2024 жылғы бағалауы бойынша, Қазақстандағы жастар денсаулығы орталықтарының (ЖДО) қызметі халықтың хабардар болмауы мен белсенділік төмендігіне байланысты тиімді жұмыс істемейді. Мұндай орталықтар медициналық бағытта ұйымдастырылғанымен, тәрбиелік, ақпараттық және мотивациялық сипаттағы жүйелі коммуникацияны қамтымайды. Нәтижесінде, медицина салауатты өмір салтының насихатшысы емес, тек ауру салдарын емдейтін құрылым ретінде қалып отыр.

Бұл тенденциялар валеологиялық білім беруді педагогикалық деңгейде күшейтуді қажет етеді. Медицина нақты диагнозды анықтап, ауруды емдейтіндіктен денсаулық мәдениетін қалыптастыруда қауқарсыз. Педагогикалық валеология болса осы бос орынды толтырып, жастардың бойындағы салауатты өмір салтын құндылық ретінде орнатуда нәтижелі бола алады.

Сонымен қатар, ата-аналар мен қоғам тарапынан «моральдық-этикалық шектеулер» болғандықтан мектеп жасындағы балалар арасында валеологиялық білім беру мәдени тұрғыдан күрделі процесс екендігін анықтап отыр. Оның үстіне Қазақстанның 2011 жылға дейінгі валеологияның пән ретінде оқытылып, кейін қоғамдағы қарсы пікірдің қысымымен білім беру жүйесінен алынып тасталуы валеологиялық педагогиканы ендіруде менталитет пен этика мәселелерін қарастыруды қажет етеді. Ал студенттік жастар кезеңінде тұлғаның өзін-өзі тануы мен өмірлік таңдаулары қалыптасатындықтан бұл кезеңде валеологиялық педагогика репродуктивті білімді арттыру, дене және рухани мәдениетті үйлестіру, өмірлік құндылықтарды қайта бағдарлау үшін ең тиімді платформа болатындығына сенімдіміз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша да (WHO, 2023) жасөспірімдер мен жастардың өмір салтына әсер ететін факторлардың 60%-ы мінез-құлықтық және тәрбиелік сипатта болады [15].

2020-2024 жылдардағы әлеуметтік зерттеу деректерінің талдауы келесідей нақты тұжырымдарға әкеліп отыр:

1. Медициналық жүйе скринингтік қызметті ұйымдастыруда белсенді (2020 жылы 50%+) болғанымен, жастардың СӨС-ті өмір салтына айналдыруына әсер ете алмай отыр. Керісінше, зиянды әдеттер (дұрыс тамақтанбау, ұйқы бұзылуы) уақыт өткен сайын өскен (+10% дейін).

2. Жастардың СӨС сақтауға кедергілерінің басым бөлігі жалқаулық, мотивацияның жоқтығы, еріншектік сияқты психологиялық-педагогикалық сипаттағы факторлар.

3. Репродуктивті денсаулық сияқты маңызды мәселелер бойынша мектептің рөлі күрт төмендеген, ал медициналық мамандар бұл бос орынды толық қамти алмай отыр.

Алынған нәтижелердің корреляциясы арқылы гипотезамыздың дұрыстығына көз жеткізе алдық. Мәселен, егер 2024 жылға №1 көрсеткіш (скрининг) 70-80%-ға дейін өсіп, ал №2 көрсеткіш (зиянды әдеттер) өзгеріссіз қалса, онда медициналық ресурстарды профилактикаға бағыттау (скрининг) тиімді болды деп айта аламыз. Бірақ жастардың жеке өмір салтына, әдеттеріне және құндылықтарына (яғни, денсаулық мәдениетіне) әсер етпегені дәйектелді. Мұндай көрсеткіш денсаулық туралы білімді тек медициналық фактілермен емес, педагогикалық және мотивациялық құралдармен (валеологиямен) қамтамасыз ету қажеттілігін дәйектейді.

Зерттеу барысындағы алынған нәтижелерге сәйкес гипотезамыз толық дәлелденді деп санаймыз. СӨС мәселесін нәтижелі шешу үшін денсаулықты сақтауды мінез-құлықтық, мотивациялық және құндылықтық тұрғыдан қарастыратын педагогикалық валеологияны білім беру жүйесіне енгізу жүйелік және өмірлік маңызы бар қажеттілік болып табылады.

Жастардың денсаулыққа қатынасы туралы көпжылдық әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, медицина саласы салауатты өмір салтын насихаттауда пәрменсіз. Оның негізгі себебіне профилактикалық, мотивациялық және тәрбиелік функциялардың әлсіздігін жатқызамыз. Денсаулықты сақтау мен нығайту мәселесінде медициналық көзқарастан педагогикалық көзқарасқа көшу уақыт талабы.

Обсуждение.

-

Заключение.

Жүргізілген әлеуметтік және теориялық талдау нәтижелері жастардың салауатты өмір салтына деген қатынасы мен нақты іс-әрекеттері арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін көрсетті. 2020-2024 жылдар аралығындағы «Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеулері жастардың денсаулық туралы түсінігінің артып келе жатқанын көрсеткенімен, олардың спортпен шұғылдану жиілігі мен профилактикалық белсенділігі тұрақты төмен деңгейде қалып отыр. Бұл жастардың жас ерекшелігі ұлғайған сайын физикалық белсенділіктің азайып, зиянды әдеттердің (дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы, әлеуметтік желіге тәуелділік) арта түсу тенденциясын айқын көрсетті.

Зерттеу барысында медициналық жүйенің салауатты өмір салтын насихаттау мен денсаулық мәдениетін қалыптастыруда жеткіліксіз рөл атқаратыны байқалды. Денсаулық сақтау мекемелері көбіне аурудың алдын алу мен емдеу функцияларын орындаумен шектеліп, жастардың мінез-құлықтық және құндылықтық ұстанымдарын қалыптастыруда дәрменсіз болып отыр. Бұл құбылыс медикализация теориясы тұрғысынан түсіндірілгенде, денсаулықтың тек биологиялық емес, сонымен қатар әлеуметтік және педагогикалық детерминанттарға тәуелді екенін дәлелдейді.

Осыған байланысты валеологиялық педагогиканы білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізу қажеттілігі туындайды. Валеология пәні тек физиологиялық сауаттылықты ғана емес, тұлғаның өмірлік дағдылары мен жауапкершілік сезімін дамытуға бағытталуы тиіс. Педагогикалық валеология жастарды өз денсаулығына саналы түрде қарауға, өз өмір салтын реттеуге, эмоционалды және физикалық тұрақтылықты сақтауға үйретудің тиімді құралы бола алады.

Сонымен қатар, мектеп жасындағы балаларға валеологиялық білімді енгізуге мәдени және менталитеттік тосқауылдардың бар екені байқалады. Сол себепті валеологиялық педагогика алдымен жоғары оқу орындарында, әсіресе студенттік жастар арасында қалыптасуы қажет. Бұл болашақ мұғалімдер арқылы денсаулық мәдениетінің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ұлттық деңгейде орнығуына мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, қазіргі медициналық жүйе жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруда шектеулі әсерге ие болған жағдайда, педагогикалық валеологияны білім беру процесіне интеграциялау – Қазақстан қоғамындағы денсаулық мәдениетін нығайтудың ғылыми және практикалық тұрғыдан негізделген жолы болып табылады.

Список литературы
1 Смагулов А.Ж. Валеология негіздері: Оқулық. – Алматы: Қазақ университеті, 2019. – 214 б.
2 Селевко Г.К. Современные образовательные технологии. – М.: Народное образование, 2010. – 256 с.
3 Бекенова Г.А. Жастардың денсаулық мәдениетін қалыптастырудағы педагогикалық тәсілдер. // Педагогика және психология. – 2022. – №3. – Б. 45–52.
4 Хасанова Л.М. Валеологическое образование как компонент современного педагогического процесса. – Казань: КФУ баспасы, 2021. – 178 с.
5 Langford R., Bonell C., Jones H. The World Health Organization’s Health Promoting Schools framework: a Cochrane systematic review and meta-analysis. – Cochrane Database of Systematic Reviews, 2015, Issue 4. – DOI: 10.1002/14651858.CD008958.pub2.
6 Kühn L., Bachert P., Hildebrand C. et al. Health Literacy Among University Students: A Systematic Review of Cross-Sectional Studies. – Frontiers in Public Health, 2021, Vol. 9, Article 680999. – DOI: 10.3389/fpubh.2021.680999.
7 Effectiveness of eHealth Literacy Interventions: A Systematic Review. – BMC Public Health, 2025 (In press). – DOI: 10.1186/s12889-025-21354-x.
8 Hu J., Zhang Y., Wang S. et al. Investigating Health Literacy and Sociodemographic Factors in College Students. – Scientific Reports (Nature), 2025, Vol. 15. – DOI: 10.1038/s41598-025-04389-3.
9 Бринкерхоф Д, Уейтс Р., Ортега С. Әлеуметтану негіздері, 9-басылым. Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018 жыл – 464 бет.
10 «Қазақстан жастары – 2024». Әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша аналитикалық баяндама. – Астана: «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, 2024. – 132 б.
11 Бекенова Г.А. Жастардың денсаулық мәдениетін қалыптастырудағы педагогикалық тәсілдер. // Педагогика және психология. – 2022. – №3. – Б. 45–52.
12 Леонтьев А.Н. Деятельность. Сознание. Личность. – М.: Смысл, 2005. – 350 с.
13 Ананьев Б.Г. Человек как предмет познания. – Л.: ЛГУ, 1968. – 328 с.
14 Шашкин С.А. Педагогическая валеология: учеб. пособие. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. – 210 б.
15 World Health Organization. Global health risks: mortality and burden of disease attributable to selected major risks. – Geneva: WHO Press, 2023.
Жастардың салауатты өмір салты мен денсаулық мәдениетін қалыптастырудағы валеологиялық педагогиканың рөлі

ЦИФРОВИЗАЦИЯ И ИНФОРМАЦИОННЫЕ ТЕХНОЛОГИИ

ИННОВАЦИОННАЯ ПЕДАГОГИКА И ОБРАЗОВАТЕЛЬНЫЕ ТЕХНОЛОГИИ

ЭКОЛОГИЯ И ОКРУЖАЮЩАЯ СРЕДА

КОМПЛЕКСНАЯ БЕЗОПАСНОСТЬ И УСТОЙЧИВОСТЬ

ЭКОНОМИКА И МЕНЕДЖМЕНТ

ЭНЕРГЕТИКА И РЕСУРСОСБЕРЕЖЕНИЕ

"Their digital marketing strategies transformed our online presence completely. We've seen a 300% increase in qualified leads within just 3 months."

Client
Robert Johnson
CEO, TechSolutions Inc.

Have Questions?

Call Us Now

+1 (803) 952-3845

Email Us

marketing@example.com